Қоғам

Зейнетақыңыз аз не көп болуы неге байланысты?

Зейнетақы мөлшері тек зейнет жасына байланысты емес. Азаматтың еңбек өтілі, ресми табысы, зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуы және БЖЗҚ-дағы жинағы болашақ төлем көлеміне әсер етеді. Сондықтан мамандар зейнетақы туралы зейнет жасына жақындағанда емес, еңбек жолы басталғаннан бастап ойланған дұрыс екенін айтады.

Қазақстандағы зейнетақы жүйесі үш негізгі бөліктен тұрады: мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты зейнетақы және БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы.

2026 жылдан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болып белгіленді. Ал зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін базалық төлем 2 пайызға артып отырады. 34 жыл және одан көп өтілі бар азаматтарға базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды.

Базалық төлемді есептеу кезінде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілімен қатар, кейінгі кезеңдегі міндетті зейнетақы жарналары мен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген уақыт та ескеріледі. Заңнамада көзделген кейбір әлеуметтік кезеңдер, оның ішінде бала күтіміне байланысты уақыттар да есепке алынуы мүмкін.

Ал жасына байланысты зейнетақының мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне және есепке алынатын орташа айлық табысқа байланысты. 2026 жылы зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК-пен шектелген. Қазіргі АЕК мөлшері 4 325 теңге болғандықтан, бұл 237 875 теңгені құрайды.

Зейнетақының жинақтаушы бөлігі де азаматтың еңбек жолына тікелей байланысты. БЖЗҚ-дағы жеке шотқа тұрақты түрде жарна аударылып отырса, жинақ көлемі де қалыптасады. Бұған қоса инвестициялық кіріс те ескеріледі. Сондықтан ресми жұмыс істеу және жұмыс берушінің міндетті жарналарды уақытылы аударуын бақылау маңызды.

Мамандар зейнет жасына жақындаған азаматтарға еңбек өтіліне қатысты құжаттарын алдын ала тексеруге кеңес береді. Еңбек кітапшасындағы жазбаларда қате немесе толық емес мәліметтер болса, архивтік анықтамалар мен басқа да растайтын құжаттар қажет болуы мүмкін. Мұндай мәселелерді зейнетке шыққан кезде емес, алдын ала шешкен тиімді.

2026 жылы Қазақстанда ер азаматтар 63 жастан, әйелдер 61 жастан бастап зейнетке шығады. Бес және одан да көп бала туған немесе асырап алып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жастан бастап зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Зейнетақы тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлеміне eGov.kz арқылы да өтініш беруге мүмкіндік бар. Қызмет көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні, ал қосымша құжаттар қажет болған жағдайда мерзім ұзартылуы мүмкін.

Ұлытау облысында 2026 жылдың алғашқы 8 айында 1 258 азаматқа жаңадан жасына байланысты зейнетақы тағайындалған. Былтыр осы кезеңде 1 273 адам зейнетақы алған. Қазіргі таңда өңірде 30 254 зейнеткер бар.

Яғни болашақ зейнетақының көлемі зейнет жасында ғана анықталмайды. Бүгінгі ресми еңбек, расталған еңбек өтілі және тұрақты аударылған зейнетақы жарналары – ертеңгі әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды негізі.

Back to top button