Қоғам

Whatsapp арқылы хабарлама жіберу ақылы болады

1 қазаннан бастап WhatsApp мессенджерін бизнес мақсатында пайдаланатын кәсіпкерлер үшін жаңа тариф енгізіледі. Өзгеріс WhatsApp Business Platform арқылы клиенттерге хабарлама жіберетін компанияларға қатысты. Meta компаниясы сервистік хабарламаларға арналған тарифтерді өзгертпек. Яғни кәсіпкердің клиентпен байланыс орнатуына және қызмет көрсетуіне байланысты жіберілетін кейбір хабарламалар ақылы болады.

Жаңа ереже бойынша сервистік хабарламаның әр жеткізілген данасы үшін 0,018 доллар төленеді. Қазіргі бағаммен бұл шамамен 8 теңге. Дегенмен әрбір бизнес нөміріне ай сайын алғашқы 1000 сервистік хабарлама тегін беріледі. Мысалы, кәсіпкер бір айда бір нөмір арқылы 10 мың сервистік хабарлама жіберсе, оның алғашқы 1000-ы тегін болады. Қалған 9 мың хабарлама үшін шамамен 162 доллар, яғни қазіргі бағам бойынша 72 мың теңгеге жуық төлем жасалады.

Бұл өзгеріс қарапайым WhatsApp қолданушыларына әсер етпейді. Достармен, туыстармен немесе компаниялармен мессенджер арқылы хат алмасу бұрынғыдай тегін болып қалады. Яғни WhatsApp-тың ақылы болуы туралы ақпарат барлық қолданушыға қатысты емес. Жаңа тарифтер негізінен платформаны клиенттермен жұмыс істеу және жаппай бизнес-коммуникация үшін пайдаланатын кәсіпкерлерге арналған.

Back to top button