Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы өз құттықтауында адал еңбек пен еңбекқорлықтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызын атап өтіп, түрлі мамандық иелеріне құрмет білдірді.
Президенттің айтуынша, өз ісін жетік меңгерген кәсіби маман болу – қазіргі заманның маңызды талабы. Білікті, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор әрі тәртіпті азаматтардың еңбегі елдің дамуына тікелей ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек – бәрін жеңбек» деген халық даналығының мәніне тоқталып, табанды еңбекті жетістікке жетудің негізгі жолдарының бірі ретінде атап өтті. Оның сөзінше, адал ниетпен атқарылған әрбір іс қадірлі, ал кез келген еңбек зор құрметке лайық.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, алда ауқымды міндеттер тұрғанын жеткізді. Бұл ретте еңбекқорлық, заң үстемдігі, бірлік пен ынтымақ, табиғатты аялау және әділдік қағидаттарының маңызына тоқталды.
Президент қоғамда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына негізделген жаңа этиканың қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ былтырғы Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға, тәлімгерлік дәстүр мен еңбек әулеттерінің маңызын күшейтуге ықпал еткенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға кәсіби білім беріп, еңбек дағдыларын дамыту және аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды міндет екенін атап өтті.
«Біз ынтымағы жарасқан, мақсат-мүддесі ортақ біртұтас ұлт ретінде әділдік, табиғатты аялау, заң үстемдігі, өркендеу құндылықтары және, ең бастысы, еңбекқорлық қасиеті іс жүзінде орныққан ел боламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент соңында барша қазақстандықтарға мықты денсаулық, амандық және толағай табыс тілеп, еліміздің өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.