Ұлытау тынысы

Кеңгір су қоймасының аумағы көгалдандырылуда

Кеңгір су қоймасының аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда.

Жоба аясында аумаққа кезең-кезеңімен көшеттер отырғызылып, жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Отырғызылған ағаштардың жерсініп, қалыпты өсуі үшін қажетті күтім шаралары да қарастырылған.

Көшеттерді суару арнайы техника көмегімен жүйелі түрде жүргізіледі. Әрбір отырғызылған ағаш мамандардың тұрақты бақылауында. Сонымен қатар, көшеттерге кепілдік берілген. Егер қандай да бір көшет жерсінбей немесе өспей қалған жағдайда, мердігер ұйым тарапынан қайта отырғызу жұмыстары жүргізіледі.

Көгалдандыру және автоматты суару жұмыстарының мердігері – «Османов Сад» компаниясы. Компания директоры Садик Османовтың айтуынша, жұмыстар бекітілген жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Бүгінде көшеттерді отырғызу, суару және олардың жерсінуін бақылау жұмыстары белгіленген талаптарға сай ұйымдастырылған.

Жобаның негізгі мақсаты – Кенгір су қоймасының аумағын абаттандырып, көгалдандыру жұмыстарын сапалы жүргізу және тұрғындар үшін жайлы әрі көрікті орта қалыптастыру.

Back to top button