Үй немесе ғимарат салдыңыз ба? өрт қауіпсіздігін ұмытпаңыз

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг өтті. Жиында құрылыс нысандарында өрттің алдын алу және қауіпсіздік талаптарын сақтау тәртібі түсіндірілді.
Іс-шарада Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Техникалық нормалау бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Руслан Шайхин құрылыс саласындағы өрт қауіпсіздігі талаптарына тоқталды. Маманның айтуынша, қала құрылысы мен құрылыс қызметінің барлық кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды талаптардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мен құрылыс нормаларын белгілейтін нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
Өрт қауіпсіздігі талаптары нысанды жобалау кезеңінен бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғанға дейін сақталуы қажет. Атап айтқанда, құрылыс және әрлеу материалдарының тиісті сертификаттары мен сәйкестік декларациялары болуы міндетті. Сонымен қатар ғимараттар арасындағы өртке қарсы арақашықтықтарды сақтау, өрт сөндіру техникасының нысанға кедергісіз жетуін қамтамасыз ету, биік ғимараттардың маңында арнайы алаңдар қарастыру, жүк көтергіш конструкциялардың отқа төзімділік талаптарын сақтау маңызды.
Қазіргі заманғы ғимараттар автоматты өрт дабылы, түтінге қарсы қорғаныс жүйелері, ішкі және сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтау құралдарымен жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ эвакуация жолдарының қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жанғыш әрлеу материалдарын қолдануға жол берілмеуі керек. Құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде де қауіпсіздік талаптары сақталуы қажет. Мердігер ұйымдар тез тұтанатын материалдарды белгіленген тәртіппен сақтауға, нысанды бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етуге және отты, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде тиісті бақылау орнатуға міндетті.
Бұдан бөлек, құрылыс объектілерінің жобалық құжаттамасы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тұрғысынан міндетті сараптамадан өтеді. Нысанды пайдалануға қабылдау кезінде тапсырыс беруші, мердігер, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау жүргізетін тұлғалар жауапкершілік арқалайды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, бекітілген жобалық шешімдерден ауытқу немесе тиісті сәйкестігі расталмаған материалдарды пайдалану заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ауыр зардаптар туындаған жағдайда қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.
Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері құрылыс саласында жұмыс істейтін ұйымдарды қолданыстағы талаптарды қатаң сақтауға және нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Өйткені өрт қауіпсіздігі талаптарын құрылыс кезеңінен бастап сақтау – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың және мүліктің сақталуының маңызды кепілі.