Қоғам

Ұлытауда тұтынушылардың пайдасына 57 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған

Ұлытау облысында жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында 300-ден астам өтініш қаралып, тұрғындардың пайдасына 57 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.

2026 жылдың басынан бері департаментке тұрғындардан 302 өтініш түскен. Оның басым бөлігі, яғни 206 өтініш «Е-өтініш» жүйесі арқылы жолданған. Бұдан бөлек, 65 тұрғын жедел желіге хабарласса, 28 өтініш Telegram-бот арқылы түскен. Шағымдардың арасында тұрмыстық және косметикалық қызметтер, жиһаз бен пластикалық терезе орнату, автокөлік жөндеу, киім мен аяқ киім тігу, тұрмыстық техниканы жөндеу сияқты қызмет түрлері бар. Сондай-ақ ұялы байланыс пен интернет сапасына, коммуналдық қызметтерге, тарифтерге және төлемдердің дұрыс есептелуіне қатысты мәселелер көтерілген.

Электронды және бөлшек саудаға қатысты шағымдар да жиі түседі. Тұрғындардың мемлекеттік органдарға жүгінуіне көбіне тауардың немесе қызметтің күткен нәтижеге сәйкес келмеуі, сондай-ақ сатушы тарапынан өнім туралы толық әрі нақты ақпараттың берілмеуі себеп болған. Осы бағытта жыл басынан бері 24 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 16 әкімшілік айыппұл салынып, 2 ескерту берілді. Бюджетке түскен қаражаттың жалпы сомасы 994 мың 750 теңгені құрады.

Сонымен қатар департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 155 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 100-і әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін негізсіз арттырған. 53 жағдайда баға көрсеткіштерінің талапқа сәйкес келмегені анықталса, екі сауда базарында сауда объектілерінің регламенті сақталмаған. Осы заң бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге жалпы сомасы 5,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сауда үстемесін негізсіз арттыру фактілері Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында көбірек тіркелген. Атап айтқанда, Жезқазғанда – 35, Сәтбаевта – 32, Жаңаарқа ауданында – 5, Қаражал мен Ұлытау ауданында 6 фактіден анықталған.

Заң бұзушылықтар көбіне күнбағыс майы, сүт өнімдері, көкөніс, қант, күріш, макарон, шай, тұз және ет өнімдеріне қатысты болған. Департамент өкілдері кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргізіп отырғанын атап өтті. Мақсат – тек әкімшілік шара қолдану емес, сауда саласындағы талаптардың сақталуына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге ықпал ету.

Ал «Сапалы өнім» жобасы аясында жыл басынан бері 99 тауар сатып алынып, оның 91-інен техникалық регламент талаптарына сәйкессіздік анықталған. Бұл бойынша тиісті материалдар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органына жолданған. Сондай-ақ талапқа сай келмеген бір өнімнің сәйкестік декларациясының қолданылуы уақытша тоқтатылған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жалғасуда. Департамент мамандары кәсіпкерлермен, оқу орындарының ұжымдарымен, қоғамдық ұйымдармен және кәсіби медиаторлармен кездесулер өткізіп, тұрғындарға өз құқықтарын қорғау жолдарын түсіндіреді.

Back to top button