Ұлытау тынысы

Ұлытауда 8 мыңнан астам үй пешпен жылытылады

Ұлытау облысында алдағы жылыту маусымында өрттің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті пешпен жылытылатын үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың баспанасына басымдық берілген.

Өткен 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында облыстың жеке тұрғын үй секторында 45 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан екі адам жарақат алып, үш адам құтқарылған. Қаза тапқандар жоқ. Осыған байланысты Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрттің және көміртек тотығынан уланудың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Профилактикалық жұмыстар 15 тамызда басталып, үш кезең бойынша жүргізілуде. Қазір екінші кезең аясында әлеуметтік осал санаттағы тұрғындардың үйлері қайта тексеріліп жатыр.

Облыста қатты отынмен жылытылатын 8 651 үй бар. Онда шамамен 30 202 адам тұрады. Ал пешпен жылытылатын, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мекендейтін 278 жеке тұрғын үй есепке алынған. Бұл көрсеткіш өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 59 үйге азайған. Оның ішінде Жезқазғанда – 125, Қаражал қаласында – 30, Жаңаарқа ауданында – 85, Ұлытау ауданында – 38 үй бар. Сәтбаев қаласында мұндай үйлер тіркелмеген. «Әр үйдің қауіпсіздігі маңызды» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың баспаналарын толық қамту көзделген. Мамандар үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексереді, тұрғындарға төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібін түсіндіреді. Сондай-ақ көміртек тотығын анықтайтын датчиктерді орнатуға және оларды дұрыс пайдалануға көңіл бөлінеді.

Жылыту маусымына дайындық барысында мамандар жалпы саны 705 жеке тұрғын үйді аралап, 6 218 адамды профилактикалық түсіндіру жұмыстарымен қамтыған. Тексеру кезінде алты үйден өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталып, тұрғындар барлық кемшілікті жойған.

Қазіргі уақытта облыста 271 датчик орнатылған. Оның 241-і көміртек тотығын, ал 30-ы түтінді анықтауға арналған. Бұл құрылғылар ықтимал қауіп туралы дер кезінде хабар беріп, адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі. 15 қазаннан бастап профилактикалық жұмыстың үшінші кезеңі басталады. Ол жылыту маусымы аяқталғанға дейін, алдын ала 2027 жылдың 20 сәуіріне дейін жалғасады. Бұл кезеңде пешпен жылытылатын үйлерді аралау және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасады.

Мамандар тұрғындарға пештер мен электр жабдықтарын пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, мұржаларды уақытылы тазалауға және ақаулы жылыту құрылғыларын пайдаланбауға кеңес береді. Қарапайым сақтық шаралары өрттің алдын алып, адам өмірін қорғауға мүмкіндік береді.

Back to top button