Қоғам

Жезқазғанда 5 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды

Жезқазғанның жасыл желегі тағы да толыға түсті. Қала аумағында өткен көгалдандыру жұмыстары аясында 5 мыңға жуық ағаш көшеті егілді. Игі бастамаға облыс және қала әкімдігінің өкілдері, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кәсіпорын қызметкерлері мен белсенді тұрғындар қатысты. Мақсат – шаһардың экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту.

Терек пен қарағаш көшеттері Жезқазған – Сәтбаев автожолының бойына және қаланың батыс бөлігіндегі ашық алаңқайға отырғызылды. Өңірдің климаттық жағдайына бейімделген ағаш түрлерін таңдау олардың жерсініп, жақсы өсуіне мүмкіндік береді.

Табиғатты түлетуге бағытталған шараға қала тұрғындарымен қатар діни бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер алқасы мен ерікті жастар да атсалысты. Қатысушылар туған өлкені көркейту – бір күндік науқан емес, ортақ жауапкершілікті талап ететін маңызды іс екенін атап өтті.

Жаңа көшеттердің жайқалып өсуі үшін оларды күтіп-баптау жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Егілген ағаштардың жерсінуі қадағаланып, тұрақты күтім жасауға басымдық берілмек. Бұл бастама Жезқазғанның жасыл аймағын кеңейтіп қана қоймай, келер ұрпаққа қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға үлес қосады.

Back to top button