Әлеуметтік санатпен келіспесеңіз, не істеу керек?

Қазақстандықтар отбасының әлеуметтік әл-ауқат санатымен келіспесе, өздері туралы мәліметтерді тексеріп, қате ақпаратты түзете алады. Бұл әсіресе мемлекеттік жәрдемақы алуға әсер етуі мүмкін көрсеткіштерге қатысты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Отбасының әлеуметтік жағдайы бірнеше көрсеткіш негізінде бағаланады. Олардың қатарында табыс көлемі, тұрғын үй жағдайы, жұмыспен қамтылу, жылжымайтын мүлік, көлік, кәсіпкерлік және несие бойынша берешек бар. Жалпы есептеу 59 көрсеткіш бойынша жүргізіледі.
Кей жағдайда отбасының меншігінде тұрған, бірақ пайдаланылмайтын немесе ескірген мәліметтер есепке алынуы мүмкін. Мысалы, бұзылуға жататын үй тіркелсе, тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті органға жүгіну қажет. Пайдаланылмайтын көлік туралы мәліметті көлік саласына жауапты орган арқылы нақтылауға болады. Ал қызметін тоқтатқанымен, ресми түрде тіркеуде тұрған жеке кәсіпкерлік болса, мемлекеттік кірістер органдарына хабарласу керек.
Қажетті мәліметтер түзетілгеннен кейін олар Отбасының цифрлық картасына автоматты түрде енгізіледі. Отбасының әл-ауқат санаты келесі бағалау кезінде қайта есептеледі. Бұл ретте отбасының табысы, мүлкі немесе құрамы өзгерсе де, әлеуметтік жағдайына берілген баға қайта қаралуы мүмкін.
Қолданыстағы әдістеме бойынша А санатына жату үшін кемінде 1800 балл, ал В санатына кіру үшін 730–1799 балл жинау қажет. Бағалау тек табысқа емес, барлық көрсеткіш бойынша жиналған балға байланысты жүргізіледі.
Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Қазір жүйеде 6,2 миллион отбасыға біріктірілген 20,6 миллион азамат туралы мәлімет бар. Бұл деректер мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтау үшін пайдаланылады.
Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақы отбасының мұқтаждық деңгейін ескере отырып тағайындалады. Өзгерістер баланың тууына байланысты төлемдерге, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысына және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға қатысты болады. Алушылардың кейбір санаттарына ерекшеліктер қарастырылған.