Қос алтын! Қазақстандық екі балуан әлем чемпионы атанды

Қазақстандық қос балуан АҚШ-та өткен әлем чемпионатында топ жарып, ел қоржынына екі алтын медаль салды. 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы дүбірлі додада Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Қос балуанның жеңісі – отандық спорттың абыройын асқақтатқан айтулы жетістік. Олар халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғап, көк туымызды жеңіс тұғырында желбіретті.
Чемпиондардың білім алып жүрген оқу орындары да олардың жетістігіне қуанышты. Айбек Айтбеков – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, ал Юсуф Ашрапов – М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенті. Осылайша, жас спортшылар білім мен спортты қатар алып жүріп, биік белестерді бағындырып келеді.
Әлемдік додада алтыннан алқа таққан балуандардың бұл жеңісі – табандылық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбековті, олардың жаттықтырушылары мен жақындарын тарихи жеңіспен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да толағай табыс тілейміз!