Білім беру ұйымдары лицензияны қанша уақытта алады?

Ұлытау облысында білім беру ұйымдарына лицензия беру және білім туралы құжаттарға апостиль қою мемлекеттік қызметтері электрондық үкіметтің «Е-лицензиялау» порталы арқылы көрсетіледі. Лицензия рәсімдеу мерзімі 30 жұмыс күніне дейін созылады. Ал оны қайта рәсімдеуге үш жұмыс күні жеткілікті.
Білім беру ұйымдарының қызметі заң талаптарына сай болуы үшін тиісті лицензия алуы міндетті. Құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда лицензия беріледі. Ал талаптар сақталмаса немесе ұсынылған құжаттар талаптарға сәйкес келмесе, өтініш берушіге бас тарту себептері көрсетілген дәлелді жауап жолданады.
Ұлытау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, лицензияны және оған қосымшаны қайта рәсімдеу мерзімі – үш жұмыс күні. Бұл ретте лицензия алымының мөлшері – 10 айлық есептік көрсеткіш, ал қайта рәсімдеу үшін 1 айлық есептік көрсеткіш төленеді.
Департаменттің білім сапасын сырттай бағалау және білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы Күлзия Даутбаеваның айтуынша, өтініш берушілер құжаттарды рәсімдеу кезінде белгіленген талаптарды ескеруі қажет. Бұл мемлекеттік қызметті алу барысындағы бас тарту тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.