Қоғам

Президент елдің стратегиялық міндеттерін атап, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, егемендікті нығайту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы негізгі міндеттерді атады.

Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысы күшейіп, халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі үлкен тоқырауға ұшыраған. Сонымен қатар бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары көбейіп, бірқатар елдің қауіпсіздігіне зиян келтіріп отыр.

Президент қазіргі кезеңнің күрделілігіне қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаларды іске асырғанын атап өтті. Ендігі міндет – егемендікті нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, елдің өсіп-өркендеуін қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы бұл бағытта қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызына назар аударды. Оның сөзінше, бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді әрі білімді азаматтар елдің дамуына үлес қосуы керек. Президент Құрылтай депутаттарына да үміт артатынын жеткізді.

Сондай-ақ Қазақстанның келешек ұрпаққа экономикасы қуатты, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі геосаяси ықпалы бар мемлекет қалдыруы қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұл міндетті ұлт алдындағы стратегиялық мақсат деп атады.

Жолдауда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де басымдық берілді. Президент азаматтарды қажетті әлеуметтік нысандармен қамту халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты екенін атап өтті.

«Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстарын жекелеген жобалармен шектемей, барлық өңірде жандандыру қажет. Осыған байланысты облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін жан-жақты зерттеп, талдау жұмыстарын тез арада толық аяқтау тапсырылды.

Президент еліміздің тұрақты дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру маңызды екенін атап өтті. Ал экономикасы қуатты, технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген және заң үстемдігі сақталған Қазақстанды келешек ұрпаққа қалдыру – елдің алдындағы негізгі стратегиялық міндеттердің бірі.

Back to top button