Қоғам

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүзеге асырылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру бағытындағы міндеттерді белгіледі. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды «Халықтық құрылыс» атауымен жүзеге асыруды ұсынды.

Президенттің айтуынша, бағдарлама аясында елді мекендерге газ бен таза ауыз су жеткізіліп, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет жыл соңына дейін барлық өңірді қамтитын нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуге тиіс.

Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жолдауда логистика инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылды. Президенттің айтуынша, келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылып, Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Ал «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы жетекші көлік-логистикалық орталыққа айналуы үшін заманауи теміржолдар мен автомобиль жолдарының тұтас желісін қалыптастыру қажет екенін айтты. Осыған байланысты «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту, автомобиль өткізу бекеттерін қайта жаңғырту және республикалық әрі жергілікті жолдардың сапалы салынуын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Президент жол құрылысына жауапты органдардың жұмысын күшейтіп, бұл бағыттағы мәселелерді Үкімет деңгейінде үйлестіруді тапсырды.

Сонымен қатар Қазақстанның әуе көлігі саласындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Президенттің мәліметінше, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған, ал Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын іске қосу жоспарланып отыр. Келесі жылы әлемдегі ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежай құрылысын бастау көзделген. Мемлекет басшысы көлік саласын, соның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландырудың маңызын да атап өтті.

Жолдауда энергетикалық қауіпсіздік мәселесі де көтерілді. Президент Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы бар екенін және қыс мезгіліндегі жоғары сұраныс кезеңінде көрші елдерден электр энергиясын сатып алуға тура келетінін айтты. Сонымен қатар Балқаштағы жылу электр орталығы құрылысының тоқтап қалуын және Түркістан, Қызылорда, Алматы мен Екібастұз қалаларындағы жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мерзімдерінің бұзылуын сынға алды.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақтылы орындау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жол, логистика, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын жүйелі дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Back to top button