Кеңгір ауылындағы экологиялық акцияға 100-ге жуық адам қатысты

Жезқазғанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» акциясы өтті. Бұл жолы тазалық жұмыстары қала орталығында емес, Кеңгір ауылында ұйымдастырылды.

Игі бастамаға 100-ге жуық мемлекеттік қызметші, жастар мен еріктілер қатысып, ауыл аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Акцияға Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев та қосылды.

Іс-шараның ерекшелігі – қалалық мекемелер қызметкерлерінің ауылды абаттандыруға бірлесе атсалысуы. Бастама арқылы қала мен оған қарасты елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне ортақ жауапкершілікпен қараудың маңызы көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың мақсаты – бір реттік тазалық жұмыстарын өткізумен шектелмей, ауылдарға тұрақты түрде көңіл бөлу, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және туған жерге деген жанашырлықты нақты іспен көрсету.

Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы – елді мекендердің тазалығын сақтауға және тұрғындарды экологиялық бастамаларға жұмылдыруға бағытталған шаралардың бірі.