Ұлытаудың көлік картасында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Ұлытау облысында көлік қатынасын жақсартуға бағытталған бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, Жезқазған мен Қаражал арасында тікелей теміржол қатынасын ұйымдастыру, Түркістан мен Балқашқа жаңа әуе рейстерін ашу және өңірдегі маңызды автомобиль жолдарын жөндеу ұсынылды.
Бұл мәселелер Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиынға облыс әкімі Есет Байкен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңесте өңірдің көлік инфрақұрылымына қатысты бірнеше бағыт қамтылды. Бүгінде Ұлытау облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 711,7 шақырымды құрайды. Өңір құрылғаннан бері оның 456,3 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Ал биыл 120 шақырым жолда қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Талқылауда туристік және әлеуметтік маңызы бар Малшыбай – Сәтбаев бағытындағы 63 шақырым жолды қалпына келтіру мәселесіне басымдық берілді. Сонымен қатар Жезқазған – Сәтбаев, Сәтбаев – Ұлытау және Жәйрем – Қаражал бағыттарындағы жол учаскелерін жөндеу қажеттігі айтылды.
Жолаушылар үшін маңызды тағы бір мәселе – теміржол қатынасы. Кеңесте вагондарды жаңарту, пойыздардың жүру кестесін қайта қарау және Жезқазған мен Қаражал арасында тікелей теміржол қатынасын ұйымдастыру мүмкіндігі қаралды. Бұдан бөлек, облыстағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Әуе қатынасын кеңейту бағытында да бірқатар ұсыныс бар. Атап айтқанда, Түркістан мен Балқаш қалаларына жаңа рейстер ашу, ал Шымкент пен Қарағанды бағыттарындағы ұшақ қатынасын жиілету мүмкіндігі талқыланды. Сондай-ақ Жезқазған әуежайын қайта жаңғырту мәселесі көтерілді.
Жолдардың ұзақ мерзім сақталуы үшін ауыр жүк көліктеріне бақылауды күшейту де күн тәртібіне шықты. Осы мақсатта қосымша автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату ұсынылды.
Кеңес қорытындысында өңірдің көлік жүйесін дамыту, жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту және елді мекендер арасындағы қатынастың қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар айтылды. Аталған бастамалардың жүзеге асуы Ұлытау облысының көлік байланысын кеңейтуге мүмкіндік бермек.