Елімізде жолаушылар вагондары жаңартылып жатыр

Қазақстанда жолаушылар пойыздарының вагон паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жоспарланған 191 жаңа вагонның 162-сі пайдалануға қабылданып, елдің теміржол паркін толықтырды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.
Жаңа вагондардың 51-і RWS Wagon зауытында, қалған 111-і Stadler Kazakhstan кәсіпорнында өндірілген. Отандық теміржол паркін жаңарту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және сапар кезіндегі қолайлылықты жақсартуға бағытталған.
Жаңа құрамдар заманауи талаптарға сай жабдықталған. Атап айтқанда, вагондарда ауа баптау, бейнебақылау және ауаны зарарсыздандыру жүйелері, биодәретханалар, жеке жарықтандыру құрылғылары қарастырылған. Сонымен қатар жолаушылар мобильді құрылғыларын розетка немесе USB-порт арқылы қуаттай алады.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қатынауына да жағдай жасалған. Штабтық вагондарда мүгедектер арбасын орналастыруға арналған кеңейтілген купелер бар. Вагонға міну мен түсуді жеңілдететін көтергіш құрылғылар орнатылып, кіреберіс табалдырықсыз жасалған.
Бұдан бөлек, жолаушыларға Wi-Fi желісі, жарықдиодты шамдар, эргономикалық тұтқалар, купедегі температураны жеке реттеу мүмкіндігі және сейфтер ұсынылады. Техникалық талаптарға сай пайдаланылған жағдайда жаңа вагондардың қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді.
Теміржол вагондарын кезең-кезеңімен жаңарту тасымалдың қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл жоспарланған вагондардың қалған бөлігі де паркке қосылған соң, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасын таппақ.