Ұлытау тынысы

Ұлытау облысында 32 млрд теңгеге газ сұйылту зауыты салынады

Ұлытау облысында жаңа өндіріс орнының құрылысы басталмақ. Талап ауылында табиғи газды сұйылтатын зауыттың іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Инвестициялық жобаның құны 32 млрд теңгеге бағаланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Жобаны «Ulytau Sepmem Energy» ЖШС (CHENGDU SEPMEM ENERGY LTD) жүзеге асырады. Бұл – өңірде газды сұйылту бағытында қолға алынған алғашқы өндірістік жобалардың бірі. Оның іске асуы Ұлытаудың өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтіп, жергілікті экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік бермек. Зауыт құрылысының басталуына арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев, жоба өкілдері және өңір жұртшылығы қатысты. Жиында жобаның экономикалық маңызы мен өндірістік инфрақұрылымды дамытудағы рөлі сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, бұл бастама тек жаңа кәсіпорын салумен шектелмейді. Сонымен қатар инвесторлардың өңірге деген сенімін және Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік әріптестіктің нығаюын көрсетеді. «Бүгінгі капсула рәсімі жай ғана құрылыс жұмыстарының басталуы емес, бұл – өңірімізге деген инвесторлардың сенімі. Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік әріптестіктің нығаюы және Ұлытау облысының жаңа өндірістік мүмкіндіктерге жол ашуының айқын көрінісі. Жобаның жалпы инвестициялық құны 32 млрд теңгеге жоспарланып отыр. Кәсіпорынды іске асыру нәтижесінде өңірде 80 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген», – деді Нұртас Кәріпбаев.

Жаңа өндірістің маңызын өңірдегі экономиканы әртараптандыру қажеттілігімен байланыстыратындар да бар. Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаевтың пікірінше, өнеркәсіптің мыс өндірісінен бөлек бағыттар бойынша дамуы аймақтың болашағы үшін маңызды. Оның айтуынша, химия өнеркәсібіне жол ашатын мұндай жобалар өңір экономикасының мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Салтанатты рәсім барысында Нұртас Кәріпбаев пен жоба жетекшісі Ян Мин болашақ зауыт құрылысына арналған капсуланы арнайы орынға орналастырды. Осылайша, Ұлытау облысындағы жаңа өндіріс нысанының құрылысына ресми түрде бастау берілді.

Айта кетейік, жоба Ұлытау облысының әкімдігі мен инвестор арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда. Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Back to top button