Денсаулық

Жаңаарқа аудандық ауруханасы жаңғыртылып жатыр

Ұлытау облысында ауылдық медицинаның әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Қазір Жаңаарқа ауданындағы көпбейінді орталық аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жоба медициналық инфрақұрылымды жаңартып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Жөндеу аясында аурухана ғимараты кешенді түрде жаңартылуда. Құрылыс жұмыстары барысында ескі конструкциялар бөлшектеліп, аспалы төбелер мен жаңа есіктер орнатылуда. Сонымен қатар қабырғаларды әрлеу, сырлау, электр желілерін жаңарту және желдету жүйесін орнату қарастырылған. Аурухана аумағын абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары да жобаға енгізілген.

Жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі – медициналық мекеменің қызмет көрсету аясын кеңейту. Алдағы уақытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде ауруханаға ауданаралық мәртебе беру жоспарланып отыр. Бұл бастама жүзеге асса, медициналық мекеме тек Жаңаарқа ауданының тұрғындарына ғана емес, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің халқына да қызмет көрсетеді. Осылайша, жақын маңдағы елді мекен тұрғындары мамандандырылған медициналық көмекті өз өңіріне жақын жерден алу мүмкіндігіне ие болады.

Жоба толық іске асқан жағдайда науқастардың ем алу үшін басқа қалаларға қатынау қажеттілігі азайып, медициналық қызметтің қолжетімділігі арта түспек. Жалпы, аурухананы жаңғырту – ауылдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, аудан тұрғындарына заманауи талаптарға сай медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Дереккөз: Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Back to top button