Білім

Педагогтер шеберлік сайысында бақ сынасты

Ұлытау облысы Әдістемелік орталығы бастамасымен Жезқазған қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектеп базасында «Құзыреттілікке негізделген оқыту: алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәніндегі жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Іс-шараның басты мақсаты — педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, заманауи білім беру талаптарына сай тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және құзыреттілікке негізделген оқытудың тиімді тәсілдерін таныстыру. Семинарға облыс мектептерінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері қатысып, өзара пікір алмасты.

Семинар барысында қатысушылар пәнді оқытудағы жаңа бағыттармен танысып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді қолдану жолдарын талқылады. Сонымен қатар «Атыс негіздері» бөлімі бойынша практикалық әдіс-тәсілдер көрсетіліп, оқу-дала жиындарын ұйымдастырудың заманауи тәжірибелері ортаға салынды. Бұл бағыттағы жаңашыл тәсілдер оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Семинардың екінші кезеңі «Шеберлік сайысы» форматында ұйымдастырылып, практикалық тұрғыда жалғасын тапты. Қатысушылар АК-74 автоматын толық емес бөлшектеп-жинау, оқжатарды оқтау және пневматикалық винтовкадан ату кезеңдері бойынша бақ сынасты. Сайыс барысында мұғалімдердің кәсіби дайындығы, шапшаңдығы мен дәлдігі сынға түсті.

Іс-шара қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар кубоктармен, медальдармен және жүлделі орындарға сәйкес дипломдармен марапатталды. Облыстық семинар тәжірибе алмасу алаңына айналып, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнін оқытудағы жаңа мүмкіндіктерді кеңінен насихаттауға серпін берді.

Back to top button