Қоғам

Ұлытау облысында қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай күрделеніп отыр

2026 жылғы 25 ақпанда Ұлытау облысында қызылша ауруының таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдай жөнінде брифинг өтті. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, соңғы үш аптада өңірде қызылшаға шалдығу көрсеткіші артқан. 25 ақпандағы жағдай бойынша зертханалық түрде расталған 45 жағдай тіркелді. Ауырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар (95,5% немесе 43 жағдай).

Жас ерекшелігі бойынша:

  • 30% — 1 жасқа дейінгі балалар

  • 60% — 1–4 жас аралығы

  • 6% — 5–9 жас

  • 4% — 10–14 жас

Сонымен қатар жасөспірімдер мен ересектер арасында да жекелеген деректер анықталған.

Дәрігерлердің мәліметінше, ауырған балалардың 91,1%-ы екпе алмаған.
Негізгі себептер:

  • вакцинациядан бас тарту

  • екпе жасына жетпеу

  • уақытылы екпе алмау

  • медициналық қарсы көрсетілімдер

Аурудың негізгі ошақтары Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тіркелген. Қызылша деректері облыстың 4 мектебі мен 8 балабақшасында анықталған.

Қауіпті асқынулар болуы мүмкін

Қызылша – ауа-тамшы жолымен тез тарайтын аса жұқпалы инфекция. Ол:

  • пневмония

  • отит

  • энцефалит

  • менингит

  • панэнцефалит

сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Арнайы емі жоқ, аурудан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация.

Вакцинация қалай жүргізіледі

Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы екпе:

  • 12 айда

  • 6 жаста салынады.

Ошақтарда бұрын ауырмаған әрі егілмеген 30 жасқа дейінгі байланыста болған адамдарға 72 сағат ішінде шұғыл иммундау жүргізіледі.

Қосымша иммундау нәтижесінде өңірде 2301 адам (85,1%) вакцина алды.

Білім беру ұйымдарында қандай шаралар қабылданды

Қазіргі таңда:

  • екпемен қамтуды 90%-дан жоғары деңгейге жеткізу

  • «таңертеңгілік фильтр» жүргізу

  • қызылша тіркелген жағдайда егілмеген балаларды уақытша шеттету

  • ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту

шаралары қолға алынған.

Мамандар эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру үшін вакцинациямен қамту деңгейін кемінде 95%-ға жеткізу қажет екенін атап өтті.

Дәрігерлер ата-аналарды балалардың егу мәртебесін тексеріп, уақытылы вакцина алуға шақырады.

Back to top button