
Ұлытау өңірінде Ұлыстың ұлы күні — әз Наурыз биыл ерекше мазмұнда, жаңа форматта атап өтілді. Наурызнама онкүндігі аясында өткен мерекелік шаралар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып қана қоймай, заманауи технологиялармен үндесіп, жаңа серпін алды. 14-23 наурыз аралығында ұйымдастырылған әр күн — тағылым мен тәрбиенің, бірлік пен ізгіліктің көрінісіне айналды.
14 наурыз – Көрісу күні
Мерекенің бастауы – Көрісу күні Жезқазғанда ерекше ықыласпен өтті. «Көрісу – бабалардың аманаты» атты шарада сахналанған көріністер арқылы ата дәстүрдің мәні тереңінен ашылып, көрерменге рухани әсер сыйлады. Ән мен жыр әуелеп, ұлттық өнердің үні жаңғырды. Ал заманауи технологиялармен жабдықталған кітап көрмесі дәстүр мен цифрлық мүмкіндіктердің үйлесімін көрсетті.

15 наурыз – Қайырымдылық күні
Бұл күн мейірім мен жанашырлықтың шынайы көрінісіне айналды. Облыс көлемінде өткен қайырымдылық шаралары арқылы мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, жүректерге жылу ұялады. Сәтбаев қаласында ұйымдастырылған акциялар адамдар арасындағы жанашырлық пен бауырмалдықты айқын көрсетті.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
Қаражал қаласында өткен «Салт-дәстүрім – қазынам» шарасы ұлттық мұраның өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді. Дәстүр тек өткеннің белгісі емес, бүгінгі буынмен бірге жаңарып, жаңа форматта дәріптеліп жатқанын көрсетті. Жасанды интеллект пен заманауи технологиялардың қолданылуы – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тың тәсілі болды.

17 наурыз – Шаңырақ күні
Отбасы құндылықтарын дәріптеген бұл күн шынайы қуанышқа толы болды. Сәтбаев қаласында ондаған отбасы жаңа баспанаға ие болып, Наурыз мейрамы олар үшін қос мерекеге айналды.Сондай-ақ Қарсақбай кентінде де ерекше қуанышты сәт тіркелді. Наурызнама онкүндігі аясында, ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келген отбасыға жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды. Бұл — жаңа өмірге бастар жарқын қадам, шаңырақтың шаттығы мен берекесінің айқын көрінісі.



18 наурыз — Ұлттық киім күні
Жаңаарқа ауданында өткен ұлттық киімдер шеруі — көздің жауын алатын ерекше көрініске айналды. Сан түрлі нақыштағы киімдер арқылы халқымыздың эстетикасы мен мәдениеті айшықталды. «Сән әлемі – бабалар мұрасы» атты шара ұлттық киімнің тек өткеннің емес, бүгіннің де сәніне айналғанын көрсетті.

19 наурыз – Жаңару күні
Бұл күн жаңашылдық пен даму идеясын алға тартты. Ұлытау ауданында өткен технологиялық көрмеде дрондар мен роботтар таныстырылып, болашаққа қадамның нақты көрінісі ұсынылды. Ұлттық мереке мен цифрлық дәуірдің сабақтастығы айқын сезілді.
21 наурыз – Ынтымақ күні
Жезқазғанда өткен бұл күн ел бірлігінің айқын көрінісіне айналды. Ән мен жыр, қолөнер мен ұлттық ойындар – барлығы халықты бір алаңға тоғыстырып, ортақ қуанышқа бөледі.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні
Мерекенің шарықтау шегі – 22 наурызда облыс орталығы нағыз думанға бөленді. Киіз үйлер тігілген алаңда ұлттық тағамдар ұсынылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Театрландырылған қойылымдар мен өнер жұлдыздарының концерті көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Бұл күн – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің символына айналды.

23 наурыз – Тазару күні
Онкүндіктің қорытындысы – тазалық пен жаңаруға арналды. Өңірде өткен экологиялық акциялар табиғатқа деген жанашырлықты арттырып, қоғамды ортақ іске жұмылдырды. Бұл – Наурыздың тек мереке емес, жауапкершілік пен сана жаңғыруының бастауы екенін көрсетті.

Осылайша, Ұлытау облысында өткен Наурызнама онкүндігі ұлттық рухты жаңғыртып, заманауи көзқараспен толыққан мазмұнды мерекеге айналды. Әр күннің өзіндік мәні мен мағынасы халықты біріктіріп, ізгілік пен жаңаруға үндеді. Бұл – өткен мен бүгінді жалғаған, болашаққа бағыт берген тағылымды мереке болды.
Махамбет Жансая, Айдана Базарбайқызы