Ұлытауда Ұлы Жеңіс қарсаңында 200 мың теңгеге дейін төлем беріледі

9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ұлытау облысында бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, өңірдегі тыл еңбеккерлеріне 200 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем беріледі. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектерінің жұбайларына 100 000 теңге мөлшерінде көмек қарастырылған.
Бұдан бөлек, концлагерьлерде, геттоларда және өзге де мәжбүрлі ұстау орындарында болған азаматтарға да 200 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Қаражат азаматтардың есепшоттарына 25 сәуір мен 7 мамыр аралығында аударылады.
Қазіргі таңда облыс бойынша 317 тыл еңбеккері, 19 Ұлы Отан соғысында қайтыс болған қатысушылардың (мүгедектердің) жұбайлары және 2 концлагерь тұтқыны тұрады.