Қоғам

Отан қорғаушылары — марапат төрінде

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы ғимаратында салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара барысында ел қорғанысы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, лайықты марапаттар табысталды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ел тыныштығын күзетіп жүрген жандардың еңбегін дәріптеу, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух қалыптастыру және әскери қызметтің маңызын арттыру. Салтанатты жиынға әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты.

Мерекелік басқосуда Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөз сөйлеп, ел дамуы жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов та мерекенің маңыздылығына тоқталып, жиналған қауымды құттықтады.

Салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бұйрығына сәйкес «Мінсіз қызметі үшін» I және III дәрежелі медальдары табысталып, түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарға Ұлытау облысының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді. Жалпы мереке аясында 30-дан астам азамат марапатталып, олардың ел алдындағы еңбегі жоғары бағаланды.

Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Әскери оркестрдің патриоттық туындылары мен қазақстандық әнші Қуандық Рахым орындаған әндер көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Back to top button