
Жезқазған қаласында көптен бері шешімін күткен маңызды инфрақұрылымдық жоба биыл жүзеге аспақ. Атап айтқанда, аэропорт бағытындағы теміржол өткелі арқылы өтетін көпір орташа жөндеуден өткізіліп, пайдалануға беріледі.
Бұл туралы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған жобаға биыл жан бітпек. Көпірді жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 780,9 млн теңге қаржы бөлінген.
Жалпы, 2026 жылы Жезқазған қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын 13 көшеде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Жөндеу жұмыстары келесі көшелерді қамтиды:
Алашахан даңғылы (Байқоңыров көшесінен айналма жолға дейін),
Есенберлин көшесі (М.Жәлел көшесінен Шығыс айналма жолына дейін),
Шығыс айналма жолы (Гагарин көшесіндегі айналма жолдан Тимирязев көшесіне дейін),
Холмецкий көшесі (Пушкин көшесінен Тимирязев көшесіне дейін),
Пушкин көшесі (Сәтбаев көшесінен Садовое кольцо көшесіне дейін),
Қаражар көшесі (Сәтбаев көшесінен МАИ ғимаратына дейін),
сондай-ақ Бөгенбай батыр ықшам ауданындағы 7 көше (Заводская, Щорса, Водопроводная, Шолохов, Иманжанов, Майкутова, Шинтуринов).
Сонымен қатар, ПК 16+22,5 теміржол өткелі учаскесінде, яғни Е-123 автожолынан А-17 «Қызылорда – Қарағанды» тасжолына дейінгі аралықта да жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы алғанда, аталған жобалар қала жолдарының сапасын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы қозғалыс жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.