Балаларды қағып кете жаздаған жүргізуші ұсталды

Ұлытау облысында ЖБО камералары жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтап, жедел ұстауға көмектесті

Ұлытау облысында Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған бірнеше жүргізушіні тіркеді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жезқазған қаласындағы Мира көшесінде бір топ оқушы жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан сәтте Toyota Highlander көлігінің жүргізушісі жылдамдығын бәсеңдетпестен, балаларды қағып кете жаздаған. Оқиға ЖБО камерасына түсіп қалған. Операторлар санаулы секунд ішінде көліктің мемлекеттік нөмірін анықтап, патрульдік полиция экипаждарына бағыттама берген. Нәтижесінде жүргізуші жедел түрде ұсталып, жауапкершілікке тартылды.
Осыған ұқсас жағдай Жаңаарқа кентінде де тіркелді. Бейнебақылау көмегімен тағы бірнеше құқық бұзушы анықталған. Олардың бірі қарсы бағытқа шығып, жол қозғалысына қатысушылардың өміріне тікелей қауіп төндірген.
Қазіргі таңда ЖБО камералары өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Бұл тек техникалық құрал ғана емес, адам өмірін қорғауға бағытталған цифрлық қырағылықтың тиімді тетігі.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолда барынша мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Бір сәттік бейқамдық орны толмас жағдайларға әкелуі мүмкін. Заң мен тәртіп әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.