Қоғам

Қаржы министрлігі жасанды интеллектіні іске қоспақ

Қазақстанның Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіру саласын ауқымды цифрлық жаңғыртудан өткізуде. Жаңа платформалар мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырып, азаматтар мен бизнеске көрсетілетін сервистерді жеңілдетуге бағытталған.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов қазіргі таңда мемлекеттік қаржының кіріс және шығыс бөліктерін қамтитын цифрлық трансформация жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Жаңғырту аясында Мемлекеттік кірістер комитеті ақпараттық жүйелердің жаңа архитектурасын бекітті. Соның нәтижесінде бұрын жұмыс істеген 14 жүйе бес негізгі цифрлық платформаға біріктірілмек. Олардың қатарында Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі (СӘАЖ), Smart Data Finance, Тәуекелдерді басқару жүйесі, Электрондық шот-фактуралар және «Кеден» ақпараттық жүйесі бар.

Бүгінде СӘАЖ бұрынғы жеті ақпараттық жүйенің қызметін бір платформада біріктіріп отыр. Ол «Салық төлеушінің кабинеті» мен «Дербес шоттарды басқару орталығының» орнын басып, мемлекеттік органдар мен банктердің 75 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Соның арқасында деректер алмасу жеделдеп, салық төлеушілер үшін қызмет алу процесі жеңілдей түсті.

Ал Smart Data Finance платформасы мемлекеттік органдардың 74 ақпарат көзінен мәлімет жинап, әрбір азамат пен кәсіпкер үшін цифрлық досье қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Енді жылжымайтын мүлік, көлік және басқа да деректер автоматты түрде базаға енгізіледі. Бұл проактивті декларациялау жүйесіне көшуді жеделдетіп, азаматтарды артық есептіліктен босатуға көмектеседі.

Сонымен қатар елімізде Ұлттық тауарлар каталогы енгізіліп жатыр. Жаңа жүйе әрбір тауарға бірегей NTIN идентификаторын береді. Қазіргі таңда осы жүйе арқылы 511 миллионнан астам чек рәсімделген. Бұл мемлекетке нарықтағы тауарлар мен олардың бағасы туралы нақты ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Жиналған деректер негізінде бірыңғай баға базасы құрылып, мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік жоспарлауда қолданылатын болады.

Кеден саласында да толық цифрлық форматқа көшу аяқталды. «Кеден» ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп, 2026 жылдың сәуір айында импорттық декларацияларды өңдеу модулі іске қосылды. Қазір жаңа жүйеге көшу толық аяқталған.

Қаржы министрлігі алдағы уақытта салықтық және кедендік жүйелерге жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға декларацияларды автоматты түрде толтыруға және тауарларды алдын ала декларациялау рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, цифрлық трансформация мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырып, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға және бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Back to top button