Ұлытау тынысы

Оңтүстіктен Ұлытауға: көшкендерге қандай қолдау көрсетіледі?

Ұлытау облысында халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету және еңбек мобильдігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Құрмет Саттыбаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері облыстың мансап орталықтарына жұмыссыз ретінде 3 368 адам тіркеліп, олардың 2 822-сі жұмысқа орналастырылған. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құрап отыр. Жұмысқа орналасқандардың ішінде 1 206 адам тұрақты жұмыс орындарына жіберілсе, 447 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен қатар, 86 азамат түрлі жобалар аясында еңбекпен қамтылып, 1 083 адам Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша жұмысқа тартылған.

Брифинг барысында жұмыспен қамтудың сапасына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда азаматтың ресми жұмысқа орналасуы міндетті зейнетақы жарналары арқылы расталады. Бұл тәсіл еңбек қатынастарының заңды рәсімделуін қамтамасыз етіп, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Адам капиталын дамыту бағытында да бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 100 адамды қамту жоспарланған болса, тағы 25 азамат жұмыс берушілердің жұмыс орындарында білім алуда. Сонымен қатар, Skills Enbek платформасы арқылы 324 тұрғын онлайн курстарды аяқтап, сертификат алған.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы аясында 139 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Ал әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік гранттар бағдарламасы бойынша биыл 120 грант беру көзделген. Бір гранттың мөлшері 1 миллион 730 мың теңгені құрайды. Өтінім қабылдау 24 маусымда басталады. Облыста еңбек мобильдігін арттыру шаралары да жалғасуда. Биыл оңтүстік өңірлерден Ұлытау облысына 125 адамды немесе 28 отбасын қоныстандыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 21 отбасыдан 87 адам көшіп келген. Қоныс аударушыларға көшу шығындарына субсидия, жалдамалы тұрғын үй ақысына өтемақы және тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильдік сертификаттары қарастырылған.

Спикер 1 шілдеден бастап қоныс аударушыларға берілетін мемлекеттік қолдау шарттарына өзгерістер енгізілетінін де атап өтті. Жаңа талаптарға сәйкес, көшуге берілетін субсидияны алу үшін кемінде үш ай жұмыс істеп, зейнетақы аударымдарының болуы қажет. Жалдамалы тұрғын үй шығындарын өтеу үшін алты ай, ал тұрғын үй сатып алуға арналған 7 миллион теңгелік сертификатты алу үшін бір жыл еңбек өтілі талап етіледі. Жыл басынан бері өңірде тоғыз бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Оларға 158 жұмыс беруші мен 552 жұмыс іздеуші қатысып, 520-дан астам бос жұмыс орны ұсынылған.

Брифинг барысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері де көтерілді. Бүгінде облыста 11 182 мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 1 098 бала бар. Оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерді алу үшін Әлеуметтік қызметтер порталы тиімді қолданылып келеді. Оңалту шараларымен қамту деңгейі қазіргі таңда 64,5 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 99 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ облыс бойынша 162 адам инватакси қызметін пайдаланады. Қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында биыл 181 әлеуметтік нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта олардың 129-ы бейімделіп үлгерген. Жалпы интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген нысандардың 67 пайызы азаматтарға қолжетімді.

Әлеуметтік қолдау шаралары аясында 1 маусымдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 250 отбасыға немесе 1 226 адамға тағайындалған. Бұл мақсатқа 150 миллион теңге бөлінген. Отбасыларды қолдау бағытында облыстың барлық қала-аудандарында Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда 211 азаматқа 317 түрлі қызмет көрсетілген. Орталықтар тұрғындарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді.

Брифинг қорытындысында Құрмет Саттыбаевтың айтуынша, өңірдегі әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – азаматтарға тек көмек көрсету ғана емес, олардың тұрақты табыс тауып, өз болашағын сенімді құруына жағдай жасау.

Back to top button