Биыл колледждерге 140 мың грант бөлінді

Қазақстанда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау науқаны 25 маусымда басталады. 2026-2027 оқу жылына колледждерде білім алуға мемлекеттік тапсырыс аясында 140 мың грант бөлініп отыр.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, талапкерлер құжаттарын электронды түрде Egov.kz порталы арқылы немесе колледжге тікелей барып тапсыра алады. Биыл техникалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі арттырылған. Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына түсушілер арасында конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы негізінде өткізіледі. Ал жұмысшы біліктілігін меңгергісі келетін түлектер колледждерге әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданады. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер эссе немесе диктант жазса, медициналық және шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер арнайы немесе шығармашылық емтихан тапсырады.
Құжат қабылдау мерзімдері:
Жұмысшы біліктілігі бойынша – 25 маусымнан 27 тамызға дейін;
Орта буын мамандықтары бойынша (9 және 11 сынып базасында) – 25 маусымнан 22 тамызға дейін;
Шығармашылық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін;
Педагогикалық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 10 тамызға дейін;
Медициналық мамандықтар бойынша:
* 9 сынып базасында – 25 маусымнан 10 тамызға дейін;
* 11 сынып және техникалық-кәсіптік білім базасында – 25 маусымнан 15 тамызға дейін;
Кешкі оқу нысаны бойынша – 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін.
Сонымен қатар колледждерге қабылдау кезінде әлеуметтік санаттағы талапкерлер үшін арнайы квоталар қарастырылған. Бұл норма ҚР Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы №261 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.