Ұлытау облысының экономикасы қарқынды өсіп келеді

Ұлытау облысында 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны оң динамиканы көрсетті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев бірінші жартыжылдықтың қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі қысқа мерзімді экономикалық индикатор 117 пайызды құрап, негізгі салаларда тұрақты өсім сақталған. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артты. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі екі есеге жуық өсіп, 199,9 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 3,2 есеге ұлғайып, 321,4 пайызға жетті.
Өңірде көлік қызметтері де оң өсім көрсетіп, көлемі 13 пайызға артқан. Сауда саласында 1,9 пайыздық өсім тіркелсе, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 13,9 пайызға көбейді. Ал ауыл шаруашылығы саласы өткен жылдың деңгейін сақтап қалды.
Баспасөз конференциясында өңір экономикасының ұзақмерзімді көрсеткіштеріне де тоқталды. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлытау облысының Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі алғаш рет 1,6 пайыздан 2 пайызға дейін өсті. Бұл өңір экономикасының әлеуеті артып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесінің күшейгенін көрсетеді.
Облыс әкімдігі алдағы кезеңде өндірісті дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар өңір экономикасының тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болады.