Заң және тәртіп

«Қазақмысқа жұмысқа орналастырамын» деген алаяқ сотталды

Жезқазған қаласының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алаяқтық қылмысы бойынша сот үкімі заңды күшіне енгенін хабарлады.

Жезқазған қалалық сотында қаралған қылмыстық іс бойынша айыпталушы өзін «Қазақмыс корпорациясына» жұмысқа орналастыра алатын адам ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген. Осылайша жұмысқа тұрғызуға уәде беріп, олардың ақшалай қаражатын иемденген.

Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша, яғни алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Нәтижесінде оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Прокуратураның мәліметінше, бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты заңның үстемдігін, қылмыс жасаған әрбір адамның жауапкершіліктен жалтармауын және азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қағидаттың басты мақсаты – жазаны күшейту емес, әділдікті орнатып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.

Осыған байланысты Жезқазған қаласының прокуратурасы тұрғындарды сақ болуға шақырады. «Қазақмыс корпорациясына» немесе басқа да ұйымдарға жұмысқа орналастыру тек заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Егер қандай да бір тұлға жұмысқа орналастыру үшін ақша талап етсе немесе делдалдық қызмет ұсынып, кепілдік берсе, оның әрекетіне сенбеу қажет.

Back to top button