Туризм

Қазақстанда туризмді мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдірілуде

Қазақстанда туризм саласын мемлекеттік қолдау шаралары жетілдіріліп, бизнес үшін рәсімдерді түсінікті етуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа нормалар биыл наурыз айында күшіне енген «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заң талаптарына сәйкестендірілді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі – Kids Go Free бағдарламасын іске асыру тәртібін нақтылау. Туристік өнімді ішкі туризм бағытында жұмыс істейтін туроператор қалыптастыруы қажет. Оның құрамына балаға эконом-класс бойынша екі бағыттағы әуе тасымалы және қонақүйде кемінде екі түн орналастыру қызметі кіреді. Сонымен бірге турдың төленгенін және баланы алып жүретін адамның балаға туыстық қатынасын растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс. Бұл талаптар көрсетілетін туристік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.

Кіру туризмі саласында да субсидия беру талаптары жаңартылды. Енді мемлекеттік қолдау алу үшін шетелдік турист Қазақстан аумағында кемінде алты түн болуы керек. Бұл шара ел экономикасына келетін туристердің үлесін арттырып, олардың өңірлерде көбірек уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Ал туроператорларға төленетін субсидия мөлшері өзгеріссіз қалып, әр турист үшін 15 мың теңгені құрайды.

Министрліктің мәліметінше, шетелдік туристер ағыны пандемияға дейінгі деңгейден асып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік қолдау қысқа мерзімді сапарлардан гөрі ұзақ мерзімді туристік сапарларды ынталандыруға бағытталмақ.

Санитариялық-гигиеналық тораптарды субсидиялау тәртібі де нақтыланды. Енді субсидияланатын шығыстардың нақты тізбесі белгіленіп, оған тазалау және дезинфекциялау жұмыстары, коммуналдық қызметтер, сумен жабдықтау, жарықтандыру, қалдықтарды шығару және пайдалану шығындары енгізілді. Субсидия көлемі бұрынғыдай айына 83,3 мың теңге деңгейінде сақталды. Сонымен қатар санитариялық нысандардың нақты жұмыс істеуін бақылау күшейтіледі. Бұл ретте тексеру, фото және бейнетіркеу, тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылған.

Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары да сақталады. Атап айтқанда, тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканың құнының 25 пайызы, туристік автобустар құнының 25 пайызы, сондай-ақ жол бойындағы сервис нысандары, визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салуға жұмсалған шығындардың 10 пайызы өтеледі.

Бұдан бөлек, басым туристік аумақтарды айқындау жөніндегі өкілеттіктер өңірлік деңгейге берілді. Енді жергілікті атқарушы органдар туристік әлеуеті жоғары аумақтарды өздері белгілеп, олардың шекарасын айқындай алады. Бұл өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, туристік бағыттарды жедел дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы, енгізілген өзгерістер мемлекеттік қолдау тетіктерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бір жағынан, кәсіпкерлер үшін рәсімдер жеңілдетілсе, екінші жағынан бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылау күшейтіледі. Жаңа нормаларды әзірлеу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері, құқық қолдану тәжірибесі, сондай-ақ бизнес қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары ескерілген.

Back to top button