Қоғам

Бүгін — Халықаралық жастар күні

Бүгін — Халықаралық жастар күні. Бұл күн әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас буынның қоғамдағы рөлін айқындап, олардың бастамалары мен әлеуетіне назар аударуға арналған. Қазақстанда да жастарды қолдау және олардың өз мүмкіндіктерін ел ішінде жүзеге асыруына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік жастар саясатының тәсілдері жаңарып, жастарды тек қолдаудан олардың бастамаларына мүмкіндік беруге басымдық беріліп отыр.

Мемлекеттік қолдау аясын кеңейткен маңызды өзгерістердің бірі — жастардың жоғарғы жас шегінің 35 жасқа дейін ұлғайтылуы. Қазір елімізде мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.

«Біз жастарды қолдау саясатынан мүмкіндік жасау саясатына көштік. «Жастар үшін» қағидатынан «жастармен бірге» қағидатына бет бұрдық», – деді Евгений Кочетов.

Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесін жастардың көңіл күйінен де байқауға болады. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының зерттеуіне сәйкес, қазақстандық жастардың 82,7%-ы ел болашағына сеніммен және оптимизммен қарайды.

Министрлік өкілі бұл көрсеткішті қоғам үшін маңызды капитал деп бағалады. Оның айтуынша, жастардың болашаққа деген сенімін нақты мүмкіндіктермен бекіту қажет. Яғни сапалы білім алу, лайықты жұмыс табу, баспаналы болу, кәсіп бастау, шығармашылық қабілетін дамыту және мемлекеттік қолдауға қол жеткізу мүмкіндіктері кеңейтілуі тиіс.

Айта кетейік, соңғы екі жылда 1,5 миллионға жуық жас азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылған.

Back to top button