Қазақстан әуежайларында бет-әлпет арқылы тексеру жүйесі енгізілуі мүмкін
Қазақстан әуежайларында жолаушыларды тексеру үдерісі жылдамдауы мүмкін. 2028 жылға дейін елдегі өткізу пункттеріне тағы 198 Q-Gate биометриялық терминалын орнату жоспарланып отыр.
Q-Gate жүйесі жолаушыны бет-әлпет биометриясы және паспорт арқылы тексереді. Тексеру шамамен 15–50 секунд ішінде аяқталады. Бұл стандартты бақылау рәсімінен 4–5 есе жылдам.
Қазір Қазақстан бойынша 54 Q-Gate терминалы жұмыс істейді. Олардың қатарында Астана мен Алматы әуежайларында орнатылған құрылғылар да бар.
Жоба авторларының мәліметінше, қызметкерлердің көмегімен 200 жолаушыны тексеруге орта есеппен 30 минуттай уақыт кетеді. Ал Q-Gate жүйесі арқылы тұтас бір рейстің жолаушыларын шамамен 7 минутта тексеруге болады.
Жаңа терминалдарды орнату арқылы әуежайлардағы кезекті азайтып, жолаушыларды өткізу уақытын қысқарту көзделіп отыр.
Әзірге 2028 жылға дейін орнатылатын 198 терминалдың нақты қай елді мекендер мен әуежайларға қойылатыны хабарланған жоқ. Сондықтан олардың қатарында Жезқазған әуежайы болуы мүмкін бе — әзірге белгісіз.
Егер жоба өңірлік әуежайларға да таралса, бұл Жезқазғаннан ұшатын жолаушылар үшін де бақылаудан өту уақытын айтарлықтай қысқартуы мүмкін.