Қоғам

Екі жылда елдің жер қойнауы 54 жаңа кен орнымен толықты

Қазақстанның жер қойнауындағы табиғи ресурстар қоры жаңа кен орындарымен толықты. 2024–2025 жылдары елімізде 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынды. Бұл туралы Үкімет мәлімдеді.

Жаңа нысандардың қатарында алтын, мыс, көмірсутек шикізаты, жерасты сулары және басқа да пайдалы қазбалар бар. Оның ішінде 2024 жылы – 35, 2025 жылы 19 кен орны есепке алынған.

Қандай ресурстар көбейді?
Соңғы екі жылдағы геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде бірқатар маңызды пайдалы қазбалардың қоры мен ресурстары артқан.

Атап айтқанда:

алтын – 157,2 тоннаға;
күміс – 9,4 мың тоннаға;
мыс – 122,7 мың тоннаға;
мырыш – 171,9 мың тоннаға;
қорғасын – 114,8 мың тоннаға;
темір рудасы – 262,2 млн тоннаға;
хром рудасы – 927 мың тоннаға;
газ – 22 млрд текше метрге өсті.

Жерасты сулары бойынша да жаңа ресурстар анықталып, тәулігіне 104 мың текше метрден астам көлемде қор есептелген. Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік есебінде түрлі пайдалы қазбалардың шамамен 10 мың кен орны бар.

Геологиялық барлау енді дәлірек жүргізіледі. Саладағы жұмыстар тек жаңа аумақтарды зерттеумен шектелмейді. Қазір мамандар пайдалы қазбалар болуы мүмкін перспективалы учаскелерді егжей-тегжейлі зерттеуге басымдық беріп отыр.

2026 жылы 1:50 000 масштабтағы геологиялық карта жасау бойынша 20 жоба басталды. Зерттелетін аумақтың жалпы көлемі – 100 мың шаршы шақырым.

Бұл жұмыстар барысында алтын, мыс, полиметалдармен қатар литий, вольфрам, молибден және сирек әрі сирек жер металдарын анықтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Зерттеу кезінде заманауи технологиялар – аэрогеофизика, геохимиялық талдау, жерді қашықтан зондтау және зертханалық әдістер қолданылады.

Сирек металдарға сұраныс артып келеді. Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі – сирек және сирек жер металдарын іздеу. Мұндай шикізат қазіргі заманғы электроника, энергетика және жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылады.

Геологиялық зерттеулер нәтижесінде перспективалы учаскелерде 935,4 мың тонна сирек және сирек жер металдарының болжамды ресурстары анықталған.

Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі перспективалы нысандардың бірі ретінде бағаланып отыр. Мұнда лантан, церий, неодим және иттрий сияқты сирек жер элементтерінің жоғары болжамды ресурстары анықталған.

Геологиялық деректер цифрландырылып жатыр. Саладағы тағы бір маңызды өзгеріс – бұрын қағаз түрінде сақталған геологиялық ақпараттың цифрлық форматқа көшірілуі.

Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына қазірдің өзінде 66,1 мың геологиялық есеп енгізіліп, олармен 109,5 мың зерттеу контуры байланыстырылған.
Сонымен қатар 4,8 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат бірлігі цифрландырылды.

Бұл инвесторларға қажетті аумақ туралы ақпаратты онлайн қарап, оның зерттелу деңгейі мен инвестициялық әлеуетін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

Барлаудан өндіріске дейін. Мемлекет геологиялық барлау нәтижелерін нақты өндірістік жобаларға айналдыруға басымдық беріп отыр.

Соңғы үш жылда барлау кезеңінен өндіруге 7 келісімшарт бойынша өту рәсімделген. Ал осы кезеңде қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 96 лицензия берілді.

2024–2026 жылдары мемлекеттік бюджеттен геологиялық жұмыстарға 62,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2026 жылға 47,9 млрд теңге жоспарланған.

Алдағы кезеңде жинақталған геологиялық деректерді Big Data және жасанды интеллект технологиялары арқылы талдау көзделіп отыр. Бұл перспективалы кен орындарын жылдамырақ анықтап, геологиялық барлаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстан жер қойнауын зерттеуде жаңа кезеңге қадам басып келеді: геологиялық дерек – барлау – жаңа кен орны – өндіріс – терең өңдеу. Негізгі мақсат – табиғи ресурстарды анықтап қана қоймай, оларды ел экономикасына барынша тиімді пайдалану.

Back to top button