Елімізде туризмге қызығушылық артып келеді
Қазақстанда туризм саласы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Соңғы екі жылда елдің туристік нысандарына 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл салаға деген бизнестің қызығушылығы артып, Қазақстанның туристік әлеуеті біртіндеп жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында туризмнің ел экономикасына қосқан жиынтық үлесі 5 трлн теңгеге жетіп, салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Инвестиция көлемі соңғы жылдары айтарлықтай өскен. 2023 жылы туризмге 787,3 млрд теңге салынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 947,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысында инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгені құрады. Осылайша, 2024–2025 жылдары ғана салаға 2,2 трлн теңгеден астам қаражат бағытталған.
Қазір Қазақстан бойынша жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалар толық іске қосылған кезде 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі жаңа қонақ үйлер мен туристік кешендер бар. Мәселен, Hilton, Mandarin Oriental сияқты әлемдік қонақүй желілерінің нысандары, сондай-ақ Oi-Qaragai тау курортын кеңейту жобасы қолға алынған.
Инвестицияның өсуімен бірге туристік ағын да ұлғайған. 2023 жылы Қазақстанға 9,2 млн шетелдік азамат келсе, 2025 жылы олардың саны 15,7 млн адамға жетті. Оның ішінде 11,1 млн адам турист ретінде тіркелген.
Шетелдік қонақтардың ел ішінде жұмсаған қаражаты 2,9 млрд долларға бағаланып отыр. Әсіресе Қытайдан келетін туристер саны айтарлықтай артқан. 2025 жылы Қытайдан Қазақстанға келгендер саны 46,8%-ға өсіп, 960 мың адамнан асты.
Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізге 7 млн шетелдік турист келген. Негізгі туристік ағын Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден қалыптасқан.
Ішкі туризм де қарқынды дамып келеді. Қазақстандықтардың ел ішінде жасаған саяхаттары 2023 жылғы 7,1 млн адамнан 2025 жылы 8,7 млн адамға дейін өскен. 2026 жылдың бірінші тоқсанында орналастыру орындары 1,965 млн адамға қызмет көрсеткен. Оның 800 мыңнан астамы еліміздің негізгі курорттық бағыттарын таңдаған. Ең көп сұраныс Алматының таулы кластеріне тиесілі. Бұл бағытта алғашқы үш айда 509,3 мың адам демалған.
Одан кейін: Щучинск–Бурабай – 116,7 мың адам; Маңғыстау – 53,3 мың адам; Түркістан – 39,4 мың адам;
Алтай – 30,3 мың адам.
Туризмнің дамуы тек қонақүйлер мен демалыс орындарының санымен шектелмейді. Үкімет туристік бағыттарға апаратын жолдарды, әуе және теміржол қатынасын да кеңейтіп жатыр. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа туристік әуежайлар салынуда. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Балқаш әуежайы қайта жұмысын бастады. Үржар әуежайының терминалы жаңғыртылуда.
Ал жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий жағалауына аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылған. Теміржол қатынасы да күшейтілді. Жаз мезгілінде сұранысты қанағаттандыру үшін 15 қосымша бағыт іске қосылып, оның 10-ы Алакөлге қатынайды. Нәтижесінде 400 мыңнан астам қосымша жолаушы орны пайда болды.
Қазақстандағы туристік бағыттар да түрленіп келеді. Жағажай мен тау демалысынан бөлек, экотуризм, этнотуризм, автотуризм, агротуризм және атпен саяхаттау бағыттары дамып жатыр. Ұлттық табиғи парктерге келушілер саны 2023 жылғы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға дейін өскен.
Қазір еліміздің ерекше қорғалатын аумақтарында 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді.
Ал 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды. Бұл отбасылық туризмді дамытуға қосымша мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекеттік қолдау, жеке инвестиция, жаңа қонақүйлер мен жолдардың салынуы, әуе және теміржол қатынасының кеңеюі – барлығы Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Алдағы жылдары Алматы тау кластері, Бурабай, Маңғыстау және басқа да негізгі туристік аймақтарды кешенді дамыту жоспарланып отыр. Мәселен, Алматы тау кластерінде 30 аспалы жол мен 161 шақырым тау-шаңғы трассасын салу көзделген.
Ұзақмерзімді мақсат – Алматы тау кластерінің өзінде жылына 5 млн турист қабылдау.Қазақстанның табиғаты, тарихи орындары мен жаңа туристік инфрақұрылымы қатар дамыған сайын ел ішіндегі саяхат та, шетелдік туристер ағыны да одан әрі арта түсуі мүмкін.