Қоғам

267 мың теңгеге дейін: жұмыссыздарға төлем қалай өзгереді?

2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа ережеге сәйкес, төлемнің ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Ал төлемнің 2026 жылғы ең жоғары мөлшері 267 750 теңгеден аспайды.

Әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, жүйеге 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа – 1 ай, 12 айдан 24 айға дейін – 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда – 3 ай төлем қарастырылады.

Сонымен қатар төлем көлеміне шектеу енгізіледі. Оның ең жоғары мөлшері ең төменгі жеті жалақының 45 пайызына тең болады. 2026 жылы бұл сома 267 750 теңгені құрайды.

Төлем мөлшері азаматтың соңғы 24 айдағы орташа айлық табысына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.

Әлеуметтік төлем алу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Мұны Мансап орталығы, eGov.kz немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жасауға болады. Егер азаматқа лайықты жұмыс табылмаса, ол жұмыссыз ретінде тіркеліп, тиісті талаптарға сәйкес келген жағдайда әлеуметтік төлем ала алады.

Бұл ретте төлем алушы азамат жұмыс іздеуді жалғастыруы тиіс. Егер ол ұсынылған жұмыс орындарынан себепсіз үш рет бас тартса, жұмыссыз мәртебесі тоқтатылып, әлеуметтік төлем де төленбейді.

Жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қазаннан бастап әлеуметтік төлем алуға құқығы туындаған азаматтарға қолданылады.

Back to top button