Қоғам

Ел өңірлерінде бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді

Қазақстанның өңірлерінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, ауыл тұрғындарына жағдай жасау және өндірістік жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында бірқатар маңызды нысан іске қосылды.

Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия Инвест LTD» компаниясының ірі сүт-тауар фермасының алғашқы кезеңі іске қосылды. Жобаға 30 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Бірінші кезеңде 1,2 мың бас сауын сиыр ұсталса, жоба толық қуатына шыққанда сиыр саны 6 мыңға, жалпы мал басы 15 мыңнан асады. Кәсіпорын отандық сүт өңдеу саласын шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Денсаулық сақтау саласында да жаңа нысандар пайдалануға берілді. Түркістан қаласында заманауи вирусологиялық зертхана ашылып, енді биологиялық сынамаларды басқа өңірлерге жібермей, жергілікті жерде зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл диагностика нәтижесін алу уақытын қысқартуға және эпидемиологиялық бақылауды күшейтуге жол ашады.

Ақтөбе облысының Бадамша ауылында төрт қабатты аудандық диагностикалық орталық жұмысын бастады. Мұнда УДЗ, ЭКГ, маммография, рентген, флюорография, ФГДС және биохимиялық зерттеу қызметтері көрсетіледі. Ал Жамбыл облысына «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен екі жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Олар шалғай ауыл тұрғындарына компьютерлік томография, маммография және сараптамалық деңгейдегі УДЗ қызметтерін алуға мүмкіндік береді.

Көлік инфрақұрылымы да жаңаруда. Түркістан облысындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, оның аумағы кеңейтілді. Жетісу облысында «Талдықорған – Үштөбе» автожолының 42 шақырымдық учаскесіндегі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімнен екі ай бұрын аяқталды.

Қарағанды облысында геологиялық барлауға арналған «ЖанаLAB» зертханалық-талдау кешені іске қосылды. Құны шамамен 9 млрд теңге болатын жоба жылына 200 мыңға дейін сынама жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 150-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Әлеуметтік инфрақұрылым бағытында да бірқатар жоба жүзеге асты. Абай облысының Бесқарағай ауданында өрт сөндіру стансасы ашылды. Нысан орман қоры мол аумақтағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысының Қасым Қайсенов кентінде тұрғындарға арналған жаңа гүлзар пайдалануға берілді. Аумағы 16 мың шаршы метрге жуық нысанда балалар алаңы, воркаут және футбол алаңдары, тренажерлер мен серуендеу жолдары бар.

Сондай-ақ Самар ауданының Құлынжон ауылында жаңа мектеп-интернат пен спорт кешені ашылды. Нысандар шалғай елді мекендерден келген балалардың білім алуына, тұруына және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Жаңа жобалардың іске қосылуы өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартуға, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Back to top button