Білім

Ұлытаулық ұстаз Дәмеш Арынова мемлекеттік марапатқа ие болды

Ұстаз еңбегін ұлықтаған марапаттың бірі — Ұлытау өңірінің тәжірибелі педагогіне бұйырды. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаарқа ауданының мұғалімі Дәмеш Арынованы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалімен марапаттады.

Дәмеш Арынова — ғұмырының қырық жылға жуық уақытын білім саласына арнаған білікті педагог. Жаңаарқа ауданындағы Бейменде Амалбеков атындағы тірек мектебінде география пәнінен сабақ беріп, талай жыл бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келеді. Ұстаздың кәсіби тәжірибесі мен шәкірттерінің жетістігі — жылдар бойғы еңбектің нәтижесі.

Мемлекеттік марапат — Дәмеш Арынқызының педагогика саласына сіңірген еңбегіне берілген жоғары бағаның бірі. Ұстаз үшін бұл – жеке жетістік қана емес, өңірдегі білім саласы мамандарының еңбегіне көрсетілген құрмет.

Білім саласындағы үздіктерді қолдау Ұлытау облысында да жалғасын тауып отыр. Биыл өңірде алғаш рет жоғары педагогикалық білімі бар, кемінде бес жыл үздіксіз еңбек өтілі мен тиісті біліктілік санатына ие, шәкірттері пәндік олимпиадалар мен Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткен 10 үздік педагогке 1 миллион теңгеден сыйақы беру жоспарланған.

Мұндай қолдау ұстаз еңбегін ынталандырып қана қоймай, білім сапасын арттыруға және шәкірт жетістігін еселеуге бағытталған. Өйткені мектептегі әр сабақтың артында баланың болашағы, ал мұғалімнің әрбір берген білімі мен тәлімі елдің ертеңіне қаланған негіз жатыр.

Бүгінде ұстаз еңбегінің нәтижесі тек мектеп қабырғасындағы жетістікпен өлшенбейді. Кеше ғана партада отырған шәкірттің ертең білікті маман, ғалым, кәсіпкер немесе ел ісіне араласқан азамат болып қалыптасуында мұғалімнің үлесі зор.

Ұлытаулық ұстаз Дәмеш Арынованы айтулы марапатымен құттықтап, шәкірт тәрбиесіндегі еңбегіне толағай табыс тілейміз.

Back to top button