Қоғам

Ұлытауда кәсіпкерлер 30 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады

Ұлытау облысында бизнесті дамытуға ниетті кәсіпкерлер үшін «Өрлеу» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында кәсіп иелері инвестициялық мақсаттарға 30 млн теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 10 млн теңгеге дейін қаржы тарта алады.

Бағдарламадағы негізгі артықшылықтың бірі – несие мөлшерлемесінің жылдық 12,6 пайыз деңгейінде болуы. Инвестициялық жобаларға берілетін қаржыландыру мерзімі 84 айға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға арналған несие 24 айға дейін ұсынылады.

Қаражатты бизнеске қажетті жабдық алуға, қызмет көрсету нысанын дамытуға немесе кәсіпкерлік қызметтің бірқатар бағытын кеңейтуге пайдалануға болады. Бағдарламаға энергетика, ветеринариялық қызмет, аумақтарды абаттандыру, спорт нысандарын пайдалану, фитнес-клубтар, компьютер және перифериялық құрылғыларды жөндеу, тұрмыстық техниканы жөндеу, үй және бау-бақша жабдықтарына қызмет көрсету, кір жуу, химиялық тазалау және бояу қызметтері секілді бағыттар кіреді.

Кәсіпкерлер үшін тағы бір маңызды мүмкіндік – кепіл мәселесін шешуге берілетін қолдау. Егер несие алушының кепіл мүлкі жеткіліксіз болса, «Даму» қоры несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік бере алады.

Яғни, бағдарлама бизнесті кеңейтуге қаржы қажет болғанымен, толық көлемде кепіл қоя алмайтын кәсіпкерлер үшін де мүмкіндік қарастырады.

Ұлытау облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарында шағын және орта бизнесті дамытуға, оның ішінде өңірлік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыруға ерекше мән берілген.

Кәсіпкер үшін ең маңыздысы – бағдарлама талаптарын алдын ала нақтылап, өз жобасының қаржыландыру шарттарына сәйкестігін тексеру.

Back to top button