Заң және тәртіп

Ұлытау облысында камералар 5 мыңнан астам құқық бұзушылықты тіркеді

Ұлытау облысында жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 5 248 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында жол қозғалысы ережелерін бұзу, қоғамдық тәртіпті сақтамау, қоқысты белгіленбеген орындарға тастау және абаттандыру талаптарын орындамау деректері бар.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жедел басқару орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Орталық операторлары қала аумағындағы қоғамдық орындар мен көшелерде орнатылған камералар арқылы жағдайды үздіксіз бақылап, заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтайды.

Тұрғындар да қауіпсіздік шараларына өз үлесін қоса алады. Ол үшін Жедел басқару орталығына қосылған «Көршілер бақылауы» Telegram чаты жұмыс істейді. Азаматтар байқаған құқық бұзушылықтар туралы осы чатқа хабарлай алады. Келіп түскен ақпаратты операторлар тексеріп, тиісті шара қабылдау үшін полиция экипаждарына жолдайды.

Сонымен қатар тұрғындар құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы 102 нөміріне хабарлай алады. Мұндай өтініштер бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жіберіледі.

Полиция департаментінің мәліметінше, бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Back to top button