Ұлытау облысында қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай күрделеніп отыр

2026 жылғы 25 ақпанда Ұлытау облысында қызылша ауруының таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдай жөнінде брифинг өтті. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, соңғы үш аптада өңірде қызылшаға шалдығу көрсеткіші артқан. 25 ақпандағы жағдай бойынша зертханалық түрде расталған 45 жағдай тіркелді. Ауырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар (95,5% немесе 43 жағдай).
Жас ерекшелігі бойынша:
-
30% — 1 жасқа дейінгі балалар
-
60% — 1–4 жас аралығы
-
6% — 5–9 жас
-
4% — 10–14 жас
Сонымен қатар жасөспірімдер мен ересектер арасында да жекелеген деректер анықталған.
Дәрігерлердің мәліметінше, ауырған балалардың 91,1%-ы екпе алмаған.
Негізгі себептер:
-
вакцинациядан бас тарту
-
екпе жасына жетпеу
-
уақытылы екпе алмау
-
медициналық қарсы көрсетілімдер
Аурудың негізгі ошақтары Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тіркелген. Қызылша деректері облыстың 4 мектебі мен 8 балабақшасында анықталған.
Қауіпті асқынулар болуы мүмкін
Қызылша – ауа-тамшы жолымен тез тарайтын аса жұқпалы инфекция. Ол:
-
пневмония
-
отит
-
энцефалит
-
менингит
-
панэнцефалит
сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Арнайы емі жоқ, аурудан қорғанудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация.
Вакцинация қалай жүргізіледі
Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы екпе:
-
12 айда
-
6 жаста салынады.
Ошақтарда бұрын ауырмаған әрі егілмеген 30 жасқа дейінгі байланыста болған адамдарға 72 сағат ішінде шұғыл иммундау жүргізіледі.
Қосымша иммундау нәтижесінде өңірде 2301 адам (85,1%) вакцина алды.
Білім беру ұйымдарында қандай шаралар қабылданды
Қазіргі таңда:
-
екпемен қамтуды 90%-дан жоғары деңгейге жеткізу
-
«таңертеңгілік фильтр» жүргізу
-
қызылша тіркелген жағдайда егілмеген балаларды уақытша шеттету
-
ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту
шаралары қолға алынған.
Мамандар эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру үшін вакцинациямен қамту деңгейін кемінде 95%-ға жеткізу қажет екенін атап өтті.
Дәрігерлер ата-аналарды балалардың егу мәртебесін тексеріп, уақытылы вакцина алуға шақырады.