Зейнетақы жинағы арқылы тіс емдету мүмкіндігі қайта іске қосылуы мүмкін

Қазақстандықтар 2026 жылдың екінші жартысында зейнетақы жинақтары есебінен тіс емдету қызметін қайта пайдалана алады. Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Отбасы банк бұл бағытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат — қызметті халық үшін барынша қолжетімді етіп, барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ету.
Ляззат Ибрагимованың сөзінше, бұған дейін кейбір азаматтар (шамамен 10 пайызы) бұл мүмкіндікті мақсатсыз пайдаланған. Соның салдарынан басқа азаматтар да зейнетақы қаражатын пайдалану мүмкіндігінен уақытша айырылып қалған. Осыған байланысты жаңа жүйеде барлық рәсімдерді толықтай онлайн форматқа көшіру көзделіп отыр.
Жоспарға сәйкес, жаңартылған жүйе 2026 жылдың үшінші немесе төртінші тоқсанында іске қосылуы мүмкін. Жаңа платформа стоматологиялық клиникалар мен басқа да медициналық ұйымдарды бір жүйеге біріктіреді.
Сонымен қатар, көрсетілген қызметтер бойынша орындалған жұмыстардың актілері онлайн түрде рәсімделіп, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктіріледі. Бұл қызметтің ашықтығын арттырып, бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.