
«Жезқазған – Қарағанды» автожолын қайта жаңғырту 2026–2029 жылдары жүзеге асады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырсовтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Қазіргі уақытта жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталуға жақын. Жолдың жалпы ұзындығы 513 шақырымды құрайды, оның 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағынан өтеді. Жобаны іске асыруға шамамен 650 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Жоба «кілт тапсыру» (EPC) форматы бойынша жүзеге асырылады. Бұл тәсілге сәйкес мердігер барлық кезеңді — жобалау, құрылыс, жабдықтау және нысанды пайдалануға беруді толық атқарады. Сондай-ақ, жол пайдалануға берілгеннен кейін бес жыл бойы күтіп ұстау міндеті де мердігерге жүктеледі.
Айта кетейік, ҚазАвтоЖол ҰК АҚ пен Дүниежүзілік банк арасында аталған жобаны қаржыландыру туралы келісім жасалған.
Жоба өңірлер арасындағы қатынасты жақсартып, жол сапасын арттыруға және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.