Интернет-алаяқтардан қалай қорғануға болады?

Ұлытау облысында интернет-алаяқтық фактілері өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеген. Мамандар бұл көрсеткішті құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан жүйелі профилактикалық жұмыстардың және тұрғындардың цифрлық сауаттылығының артуымен байланыстырады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында аптасына екі рет сауда орталықтарында, қоғамдық орындарда және білім беру ұйымдарында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады. Онда азаматтарға интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері, жеке деректерді қорғау жолдары және интернетті қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріледі.
Полицейлердің айтуынша, алаяқтардың құрбанына көбіне зейнеткерлер айналады. Сондықтан бұл санаттағы азаматтарға түсіндіру жұмыстары ерекше назарда.
Мамандар әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде таралатын жеңіл табыс, тиімді инвестиция немесе қысқа мерзімде мол пайда табуға қатысты ұсыныстардың басым бөлігі алаяқтардың тұзағы екенін ескертеді. Осыған байланысты күмәнді сілтемелерге өтпеуге, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді.
Егер өзіңіз немесе жақыныңыз интернет-алаяқтардың құрбаны болса, уақыт оздырмай 102 нөміріне хабарласу қажет. Мамандардың айтуынша, жедел жүгіну қылмыстың ізін суытпай ашуға және келтірілген материалдық шығынды қайтару мүмкіндігін арттырады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстың ауырлығына қарай айыппұл салу, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.