Заң және тәртіп

Балалардың қауіпсіздігі үшін 200-ден астам нысан жаңартылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ұлытау облысында мектептер мен балабақшалар маңындағы жол қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Ұлытау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарына іргелес көшелер мен жолдардың жағдайын тексерді. Негізгі мақсат – балалардың оқу орындарына қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде білім беру ұйымдарының маңында 37 жасанды жол кедір-бұдыры орнатылып, 70 жол белгісі жаңартылып немесе ауыстырылды. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне назар аударуға арналған 86 жарық шағылыстыратын макет пен 86 «Балалар» ақпараттық таблосы қойылды.

Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін жауапты мемлекеттік органдарға тиісті нұсқамалар беріліп, қажетті шараларды қабылдау жөнінде ақпараттық хаттар жолданды. Полиция қызметкерлері жаңа оқу жылы басталар тұста барлық жол қозғалысына қатысушыларды барынша сақ болуға шақырады. Әсіресе мектептер мен балабақшалар маңында жүргізушілер жылдамдық режимін сақтап, жаяу жүргіншілерге жол беру талаптарын орындауы қажет.

Құрметті жүргізушілер! Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Оқу жылы басталған кезде мектептер мен балабақшалар маңында ерекше мұқият болып, жол жүрісі ережелерін қатаң сақтайық. Баланың жолдағы қауіпсіздігі – ересектердің жауапкершілігінен басталады.

Back to top button