Қоғам

Елімізде ауылдағы баспананы кезекте тұрғандар өздері таңдай алады

Ауылдық жерде баспана күтіп жүрген азаматтарға жаңа мүмкіндік берілмек. 31 тамыздан бастап тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар өз ауданы аумағынан өзіне қолайлы жалдамалы тұрғын үйді таңдап, оны алуға өтінім бере алады.

Бұл өзгеріс мемлекеттік бюджет қаражатына жергілікті атқарушы органдар салған немесе сатып алған тұрғын үйлерге қатысты.Алғашқы өтінімдер 1–7 қыркүйек аралығында baspana.otbasybank.kz порталы арқылы қабылданады. Өтінішті тиісті ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бере алады.

Өтінім қабылдау аяқталған соң, Отбасы банк тұрғын үй алушылардың тізімін қалыптастырады. Баспана бөлу кезінде азаматтың кезекке қойылған күні, отбасының құрамы, соңғы алты айдағы табыс деңгейі және әлеуметтік мәртебесі ескеріледі. Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ал кемінде 50%-ы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Енді тұрғын үйдің бөлме саны отбасы құрамына қарай айқындалады. Яғни ерлі-зайыптыларға, ата-аналарға және әртүрлі жыныстағы балаларға жеке бөлме қарастыру талаптары ескеріледі.

Жаңа механизм тұрақты негізде қолданылатын болады. Яғни ауылдық жердегі кезекте тұрған азаматтар баспана бөлінгенде ұсынылған нұсқалардың ішінен өзіне қолайлы үйді таңдау мүмкіндігіне ие болады.

Back to top button