Мәдениет

Ұлттық өнердің үлкен додасы: Ұлытауда «Ұлытау үні» өтеді

Ұлытауда ұлттық өнерді ұлықтайтын дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі 34-рет ұйымдастырылады. Биыл үш күнге созылатын өнер мерекесінде дәстүрлі ән, жыр, айтыс және аспаптық өнер шеберлері бас қосады.

24–26 қыркүйек аралығында өтетін республикалық фестиваль Сәтбаев пен Жезқазған қалаларын қамтиды. Фестивальдің шымылдығы 24 қыркүйек күні сағат 10:00-де Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында ашылады. Үш күн ішінде көрермендер бірнеше өнер бәйгесінің куәсі болмақ. Атап айтқанда, биылғы фестиваль аясында бірқатар айтулы тұлғалардың мерейтойларына арналған байқаулар ұйымдастырылады.

24 қыркүйекте Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған дәстүрлі ән байқауы өтеді. Сол күні Жезқазғандағы «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған мультиаспапшылар байқауы ұйымдастырылады.

25 қыркүйекте жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған жыршылар байқауы өтеді.

Ал 26 қыркүйекте фестивальдің ең қызықты сәттерінің бірі – Жүрсін Ерманның 75 жылдығына арналған ақындар айтысы ұйымдастырылады. Кеш соңында фестиваль жеңімпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады.

Ұлттық өнердің бірнеше бағытын тоғыстыратын «Ұлытау үні» фестивалі – Арқа төсіндегі дәстүрлі өнердің беделін арттырып, жас өнерпаздарға үлкен сахнада өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашатын мәдени жоба. Өнер додасын тамашалағыңыз келсе, 24–26 қыркүйек күндерін белгілеп қойыңыз.

Back to top button