Мәдениет

Ұлытауда дүбірлі ақындар айтысы өтеді

Ұлытау облысында ұлттық өнерді ұлықтайтын айтулы мәдени шаралардың бірі – дәстүрлі «Ұлытау үні» республикалық фестивалі биыл да жалғасын табады. Фестиваль аясында 9 қазанда Сәтбаев қаласында еліміздің әр өңірінен келген сөз жүйріктері бас қосып, айтыстың көрігін қыздырмақ.

Биылғы ақындар айтысы қазақтың айтыс өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ақын, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналады. Осыған орай Ұлытау төріне елге танымал айтыскерлер жиналып, суырыпсалмалық, тапқырлық пен шешендік өнердің озық үлгісін көрсетеді.

Сөз додасына «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Аспанбек Шұғатай және айтыс ақтаңгері Дидар Қами қатысады. Сондай-ақ Ұлытау облысының намысын Төлеген Жаманов пен Өміржан Көпбосын қорғаса, айтыс алаңында Нұрлан Есенқұлов, Айым Асылбекқызы, Ержан Әміров, Иран-Ғайып Күзембаев, Шұғайып Сезімхан және Қазырет Бердіхан да өнер көрсетеді.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер Аманжол Әлтай жүргізеді.

Қазақ қоғамында ақындар айтысы әрдайым елдің ой-пікірін, заман тынысын, халықтың мұң-мұқтажы мен қуанышын астастыра жеткізетін өнер ретінде бағаланып келеді. Сондықтан Ұлытаудағы бұл дода – жай ғана шығармашылық бәсеке емес, ұлттық сөз өнерінің дәстүрі мен бүгінгі тынысын тоғыстыратын мәдени оқиға.

Ақындар айтысы 9 қазан күні сағат 14:00-де Сәтбаев қаласындағы Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтеді. Сол күні көрермендер «Ұлытау үні» фестивалінің жабылуына арналған концерттік бағдарламаны да тамашалай алады.

Ұлытау төрінде өтетін сөз додасында елге белгілі ақындардың ой ұшқырлығы мен суырыпсалма шеберлігі сынға түседі. Ұлттық өнерді бағалайтын көрермен үшін бұл – айтыстың жаңа тартыстарына куә болып, қазақ сөз өнерінің қуатын сезінуге мүмкіндік беретін ерекше кеш.

Back to top button