Қоғам

Жезқазғанда 90 пәтерлі жаңа үй салынып жатыр

Жезқазғанда қолжетімді баспана санын арттыруға бағытталған құрылыс жұмыстары жалғасуда. Алашахан көшесі, 34Л мекенжайында кредиттік тұрғын үй бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Нысандағы құрылыс барысын қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Маруа Келмағанбетова тексерді.

Жоба бойынша тұрғын үйден барлығы 90 пәтер қарастырылған. Оның 30-ы – бір бөлмелі, 30-ы – екі бөлмелі, қалған 30-ы үш бөлмелі болады. Құрылыс бюджет қаражаты есебінен жүргізілуде. Нысанның құрылысында заманауи материалдар мен технологиялар қолданылып жатыр. Ғимараттың іргетасы тұтас құйылған таспалы конструкция түрінде орындалған. Сыртқы қабырғалары қалыңдығы 250 миллиметр пенобетон блоктарынан қаланса, ішкі қабырғалары мен бөлмеаралық бөліктері қызыл кірпіштен тұрғызылуда. Қабатаралық жабындары монолитті темірбетоннан жасалып, ғимараттың қасбетін әрлеуге түрлі түсті керамикалық кірпіш пайдаланылуда.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Үй пайдалануға берілгеннен кейін пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы белгіленген тәртіппен кредиттік негізде ұсынылады. Алдымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж азаматтардың әлеуметтік санаттарына басымдық беріледі. Кейін қалған пәтерлер қолданыстағы тәртіпке сәйкес үлестіріледі.

Жаңа тұрғын үй жобасы Жезқазғанда баспанаға мұқтаж азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге және қолжетімді пәтерлер санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Back to top button