Заң және тәртіп

Қазақстан армиясын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Қазақстан армиясын жаңғырту, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін күшейту және заманауи технологияларды енгізу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында әскери реформа жоспары мақұлданды.

Жоспарға сәйкес, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы қайта қаралып, әскерді басқару және қорғанысты жоспарлау жүйесі жетілдіріледі. Сондай-ақ Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру және армияның негізгі бағыттарын нығайту қарастырылған. Негізгі мақсат — заманауи талаптарға сай, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия қалыптастыру.

Әскердегі дайындық жүйесі өзгереді

Реформа аясында мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөлу ұсынылып отыр. Алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында әскери дайындықтан өтеді. Ал келесі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік машығын жетілдіреді. Бұл кезеңде бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі.

Сарбаздардың қауіпсіздігіне басымдық беріледі

Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету де реформаның негізгі бағыттарының бірі болмақ. Осы мақсатта әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланған.

Сонымен қатар жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу, әскери тәртіпті нығайту және армиядағы тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру шаралары қолға алынбақ. Әскер мен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге де мән беріледі.

Әскери-патриоттық тәрбие жүйесі жетілдіріледі

Жастарды әскери қызметке даярлау бағытында «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту көзделіп отыр. Бұған қоса, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейтіп, бастапқы әскери даярлықты жетілдіру жоспарланған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформаның басқару жүйесін, кадр саясатын, әскери білім беруді, әскери қызметшілерді даярлауды және техникалық жарақтандыруды қамтуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, армияны жаңғырту кешенді түрде жүргізілуге тиіс.

Жоспардағы ұйымдастыру шараларын осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістерді келесі жылы жүзеге асыру көзделген. Реформаның орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.

Ақпарат: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты.

Back to top button